Қазақстанның жаңа бюджеті: әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымды жөндеуге

dep.jpg Үкімет Мәжіліске 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жаңа жобасын таныстырды. Онда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында белгіленген басымдықтар негізге алынды.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, 2024 жылы болатын түсімдер 20,4 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Қаржы негізінен әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

– Бұл бағытта автомобиль жолдарын, жылу, газ, сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғыртуды атауға болады, – деді вице-министр. – Қаржыландыру «Жайлы мектеп» және «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары шеңберінде әлеуметтік нысандарды салуға да бөлінеді.

Бюджеттің шығыс бөлігі шамамен 24 трлн теңге. Бұл соманың шамамен 40%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады. Оның ішінде тек әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бөлінеді. Тағы 3,5 трлн теңге халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыруға бағытталады.

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет өкілі, Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар атап өткендей, республикалық бюджет туралы заң жобасы ел үшін ең өзекті құжаттың бірі.

– Бұл қанша және қандай салаларға қаржы бөлінетініне байланысты, – деді мәжілісмен. – Заң жобасы ел дамуының түбегейлі жаңа экономикалық моделі туралы айтып отырған Президенттің Жолдауымен үндесіп отырғаны өте маңызды.

Айта кетейік, заң жобасы алдағы уақытта мәжілістің жұмыс топтарында, комитеттер мен депутаттық фракциялардың отырыстарында мұқият зерделенеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy