
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Балаларға қолайлы Қазақстан!» атты конференцияға қатысты.
Жиында Қазақстанды балаларға қолайлы елге айналдыру қажет екені жан-жақты талқылынды. Балалардың құқығы, дауысы мен арманын ескеретін қоғам құрудың жолдары да қарастырылды. Қатысушылар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті күшейту, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу бағыттарына да тоқталды.
– Бұл конференция – әрбір бала өзін қауіпсіз әрі бақытты сезінетін Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстың жалғасы, – деді ұйымдастырушылар.
Магеррам Магеррамов жастардың шешім қабылдау процестеріне қатысуы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы жөнінде баяндама жасады.
– Бүгінде Әділетті Қазақстан идеясын барлық буын өкілдері қолдап отыр. Бұл идеялар аға ұрпақтың да, қоғамға енді қадам басып жатқан жастардың да мүддесіне сай келеді, - деді депутат.
Халық қалаулысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының арқасында жастар қоғамдық өзгерістердің жай қатысушысы емес, бастамашыл күшіне айналып келе жатқанын атап өтті.
– Қазіргі таңда мемлекет бұл бағытта жүйелі саясат жүргізіп отыр. Елдің барлық өңірінде жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Онда жастарға жұмыспен қамту, білім алу, әлеуметтік жобалар мен волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі. Бұл – кеңес, тренинг және даму мүмкіндіктерін ұсынатын орта, - деді Магеррамов.
Депутат халықтың құқықтық сауатын арттыру мәселесін де көтерді. Бұған дейін ҚХП құқықтық сауат бойынша білім беруді мектеп қабырғасынан бастап енгізу қажет екенін ұсынған болатын.
– Бұл бір реттік шара емес, стратегиялық таңдау болуы тиіс. Саналы, еңбекке және қоғамдық-саяси өмірге қадам басқан жас буын өз кәсібін ғана емес, құқықтық мәдениетті де жетік меңгеруі қажет, - деп нақтылады Магеррамов.
@halyk_partiyasy