Елде ауыр дертке шалдыққан балалар көмекке мұқтаж. Олар дерттен болатын ауырсынудан жандары қиналуда. Нақтырақ айтсақ науқас балалар үшін ауруды басатын дәрілер қол жетімсіз болып тұр. Хоспис, үйде паллиативті көмек көрсету үшін бригада, тіпті қарапайым стационарлық кереуеттердің өзі жеткіліксіз. Кішкентай балалар ауыр дертті кішкене жүректерімен көтеріп жүр. Онсыз да аурумен күресіп жатқан балалардың ауырсынуын қалай жеңілдетеміз? Осы орайда Қазақстан Халық партиясы Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салды.
Балалар үшін ауруды басатын дәрі жетіспеушілік мәселесін Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова көтерді.
Паллиативті көмек жайлы «Халықтың денсаулығы» кодексінде нақты көрсетілген. Бірақ іс жүзінде бұл құжат жұмыс істемейді. Ал мұндай көмекке елде 6000 нан астам бала мұқтаж болып отыр. Министрлік әзірлеген жобада аталған жайттар жөнді ескерілмеген.
Қазір Үкіметтік емес ұйымдар барынша жәрдем көрсетіп жүр. Алайда оларға мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Ауырсынуды жеңілдететін ІІ-ІІІ дәрілерді сатып алу тіптен қиын. Бұл препараттар стационар үшін ғана қолжетімді.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы "Балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету тәртібін" жеке педиатриялық стандартқа бөлу, осындай көмектің өлшем шарттары мен хаттамаларын әзірлеуді, олар бойынша педиатр-дәрігерлерді дайындауды, сондай-ақ паллиативтік балалар тізілімін және осы мәртебені айқындау жөніндегі арнайы дәрігерлік комиссия құруды ұсынды. Сонымен қатар, балаларға паллиативтік көмекті дамытудың Жол картасының қолданылу мерзімін 2022-2024 жылдарға ұзарту және балаларға есірткі анальгетиктерін қолдану мен өндіруді кеңейту мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ табиғи азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету саласын жетілдіру керек деп санаймыз. Және де тегін медициналық көмектің көлемін ұлғайтып, науқастарға арналған дәрілік, техникалық және медициналық құралдардың тізбесін кеңейту керек. Бұл қызметтер барлық өңірлер үшін қолжетімді болуы керек.