Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында әзірленген «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар қарастырылған.
Құжатты әзірлеушілердің мәліметінше, «Келешектің» негізгі моделі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қолданыстағы тұғырнамасы аясында жүзеге асырылатын болады. Әрбір ата-ананың кез келген банкте немесе өмірді сақтандыру компаниясында кез келген жастағы баласының атына шот ашуға құқығы бар. 5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын береді.
Ата-аналар үшін баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарна талаптары бар. Ол әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз. Сондай-ақ банктің немесе сақтандыру компаниясының белгіленген табыс көлемі үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы алады.
«Заң қабылданған кезде 5 жасқа толған балалар ғана бастапқы капиталды алады. Біз бұл жүйені модельдеу кезінде жоғары білім алу үшін қажетті соманы жинақтау үшін 13 жыл қажет екенін ескердік», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Осы ретте, мәжілісмендер тарапынан бірнеше сауал туындады. Атап айтқанда, Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар өз баласына қамқорлық жасап, оған МБЖЖ-да шот ашып қойған ата-аналар не істеуі керек екенін сұрады.
- Есеп шоты бар балалар автоматты түрде қосыла ма, әлде ата-аналар өтініш беруі керек пе? - деп сұрады ол. Министрлік өкілдері қазіргі бағдарламаға сәйкес, ол қазір күшіне енгендіктен, өтініш қажет емес екенін айтты.