Балаларды қылмыстық жауапқа тарту жасы өзгеріссіз қалатын болды

dep.jpg

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ҚХП депутаттарының ауыр қылмыс жасағаны балалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасын 14-тен 12 жасқа дейін қысқарту туралы ұсынысымен келіспейді.

Олжас Бектеновтің пікірінше, бұл жаста балалар өз әрекетінің қоғамға қауіп төндіретінін толық түсінбейді.

«Жауапкершілікті 12 жастан бекіту балаларды қорғау мен тәрбиелеуге қатысты құқықтық және гуманистік көзқарастарға қайшы келеді. Себебі бұл жаста балалар өз әрекетінің қоғамға қаншалықты қауіп төндіретінін толық түсінбейді», – дейді Олжас Бектенов.

Бұған дейін ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда мектептерде кәмелетке толмағандарға құқықтық білім беруді енгізуді және Қылмыстық кодекстегі ауыр қылмыстар үшін жас шегін төмендетуді ұсынған болатын. Мәжілісмен бұл шаралар бүгінде жасөспірімдер арасында белең алған қылмысты азайтуға ықпал етеді деп атап өткен еді.

«Кәмелетке толмаған балалардың өз қатарластарын зорлап, ұрып-соғып, өлтіргені туралы ақпараттар қазақстандықтарды бірнеше рет дүр сілкіндірді. Бәлкім, біз, заң шығарушылар, Ұлыбританияның үлгісі бойынша кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың шекті жасын қайта қарап, жауапкершілікті 14 жастан емес, 12 жастан бастап белгілігеніміз жөн шығар», - деген еді депутат.

Премьер-министр гуманизм туралы айтып отырғанда, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс күн санап артып келеді. Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері мұндай 1263 оқиға тіркелген, бұл былтырмен салыстырғанда 50 іске артық.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy