Қазақстан Халық партиясы депутаттарының өңірлерге жұмыс сапарлары жалғасуда. ҚХП парламенттік фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов Павлодар облысының Шарбақты ауданында болып, халықпен бірқатар кездесулер өткізді.
Мәжіліс депутаты аудан әкімі Сержан Иманқұлов және аудандық мәслихат хатшысы Гүлмира Смайылхановамен ауданның инфрақұрылымдық мәселелерін талқылады. Олар өздері қызмет ететін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, сондай-ақ жергілікті тұрғындар көтерген бірқатар мәселелерді жеткізді.
Жұмыс сапары Павлодар облысы ТЖД № 7 ӨБ Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметімен танысуға жалғасты.
– Мен үшін бұл сапар маңызды болды, - деді Магеррамов. - Біздің ҚХП фракциясы мемлекеттік өртке қарсы қызметтердің жұмысына қатысты бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған болатын.
Дәл осы Қазақстан Халық партиясы өртке қарсы жабдықтар мен көлікті жаңарту, сондай-ақ құтқарушыларды кепілдендірілген әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз ету және зейнеткерлік жасын қысқарту мәселелерін көтерген еді. Бұдан бөлек, ҚХП депутаттары әкімшілік және тұрғын үй ғимараттары құрылысының барлық кезеңдерінде өртке қарсы бақылау қызметінің қатысуы туралы бастама көтерген болатын.
– Біз өрт сөндірушілер жағдайды құрылыс басталып кеткен соң емес, жобалық-сметалық құжаттаманы жасау кезінен бастап бақылауға тиіс деп есептейміз, - деп атап өтті Магеррам Магеррамов. - Сосын ғимараттың қалай салынып жатқанын түпкілікті аяқталғанға дейін қадағалап отыру керек.
Депутат «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватында да болып, орман өрті станциясын, оның ішінде техниканы, өрт сөндіру құралдарын және өртті ерте анықтау жүйесін тексерді. Резерват басшылығы мәжілісменмен қазіргі проблемаларды талқылап, өртке қарсы заңнамаға түзетулер енгізу бойынша өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, Магеррамов Шарбақты ауылындағы жергілікті коммуналдық қызметтерге, ветеринарлық бөлімге және Абай атындағы орта мектепке барып, оқу орнының қазандығының алдағы жылыту маусымына дайындығын нақтылады. Жұмыс сапары аудандық соттың төрағасымен және қызметкерлерімен ұйымдастырылған кездесумен аяқталды.