Қазақстан Халық партиясының «Халық аманаты» атты жаңа жобасы өңірлерде іске қосылды. Бұл бастама аясында ҚХП мүшелері, аймақтық филиалдар мен мемлекеттік органдардағы өкілдері халық бастамаларын ілгерілете отырып, тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге ниетті.
Жоба аясында ШҚО филиалының өкілдері Серебрянск қаласына барып, әкімдік қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесті.
Қала тұрғындары партия мүшелеріне өзекті мәселелерін жеткізді. Басты мәселелер – инвестициялардың жоқтығы және жеке капиталдың жеткіліксіз тартылуы болды. Бұл өз кезегінде бизнестің дамуын тежеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік бермей отыр.
Қалада маңызды салалардағы кәсіби мамандардың тапшылығы да сезілуде, бұл жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге кедергі келтіреді.
– Нашар жолдар, тозығы жеткен тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандар, сондай-ақ сапалы қызметтерге – су, жылу, электрмен жабдықтаудың қолжетімсіз болуы тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетеді. Жастар сапалы білім мен жақсы жұмыс іздеп, мегаполистерге кетуде, бұл Серебрянскіде еңбек ресурстарының азаюына және демографиялық ахуалдың нашарлауына алып келіп отыр, - дейді тұрғындар.
Жамбыл облыстық ҚХП филиалы Қаратау қаласында партиялық бақылау шарасын ұйымдастырды. Әкімдік өкілдерімен бірге партия мүшелері шағын қаланың болашағын талқылады.
– Кездесудің басты мақсаты – Қаратаудың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кешенді талдау жүргізу, негізгі проблемаларды анықтау және қаланың дамуына кедергі келтіретін факторларды зерттеу, – деп атап өтті жамбылдықтар.
Сонымен қатар, партия өкілдері «Talas investment company» ЖШС бас директорының орынбасары Абдығали Жүнісовпен және Талас ауданының А.С. Пушкин атындағы білім беру бөлімінің басшысы Ақкәуле Торланбаевамен кездесті. Жүнісов өңірдегі мамандар тапшылығына, ал Торланбаева 1973 жылы салынған жергілікті мектеп ғимаратының жөндеуді қажет ететініне тоқталды.
Тұрғындармен кездесу барысында партия мүшелері Қаратау қаласына этноорталық пен мәдениет үйі қажет екенін атап өтті.
Қызылорда облыстық ҚХП филиалының өкілдері көктемгі су тасқыны қаупіне байланысты мамандармен бірге Сырдария өзенінің су деңгейін өлшеді. Өзеннің облыс аумағындағы ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды.
– Қыс-көктем мезгілдерінде Сырдария маңындағы елді мекендерді су басу қаупі жоғары. Су тасқынының алдын алу және маусымның қауіпсіз өтуіне дайындық жұмыстарының жоспарына сәйкес, Қызылорда облысының Төтенше жағдайлардың алдын алу департаменті тиісті шараларды жүзеге асыруда, - дейді мамандар.