Қазақстан Халық партиясы ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің аты аңызға айналған классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Теңдесі жоқ кемеңгер жазушы» акциясын жалғастыруда. ҚХП өкілдері прозаиктің туған жерінде оның өмірі мен шығармашылық жолына арналған іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
Шара аясында Қызылорда қаласындағы М.Қалауов атындағы Өнер мектебінде сурет байқауы ұйымдастырылуда. Байқау шартына сәйкес суретшілер, мектеп оқушылары кемеңгер жазушының шығармаларына арнап иллюстрациялар салуы тиіс.
«Әбдіжәміл Нұрпейісов – отандық әдебиетке орасан зор үлес қосқан қаламгер. Ол бар өмірін шындықты іздеуге, ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнады», - деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.
Іс-шараның форматы жайдан-жай таңдалған жоқ. Бұл – жазушының шығармашылық мұрасы өскелең ұрпаққа мұра ретінде беріліп, оның кітаптарының кейіпкерлері мен Арал өңірінің көркем табиғаты жас қаламгерлердің шабыты арқылы өмірге қайта келсе деген ниеттен туындаған ой.
«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романдары – тек туған жерінің ғана емес, бүкіл әлемнің болашағына деген қамқорлығы. Оның тарихи шындыққа негізделген шығармалары маңызды сипатқа ие болып, әлем әдебиетінің алтын қорына мәңгілікке енді», - деп атап өтті ҚХП өкілдері.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады.