Қазақстандық бітімгершілік контингент Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы шеңберінде Голан үстіртіне аттанады, Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта біздің бітімгер әскерімізді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов атап өткендей, қазір қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық ынтымақтастық форматында өздерінің «географиясын кеңейтуде».
– Бұл біз үшін үлкен құрмет, - деп атап өтті министр. - Бұл БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың біздің мемлекетіміздің жетілгендігін және біздің Қарулы Күштеріміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындауға қабілеттілігін мойындауының көрсеткіші.
Қорғаныс министрі контингент командирі подполковник Жігер Аиповқа ҚР мемлекеттік туын тапсырды. Бұл ту Голан үстіртіндегі қазақстандық бітімгершілік база аумағының төбесінде желбірейтін болады.
Қазақстандықтар бұған дейін БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д 'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы мен Ливандағы бітімгершілік миссияларына әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлер ретінде қатысқан болатын. Қазір Голан үстіртіне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілуде. Олар қарсы тараптар арасында оқ атуды тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Біздің бітімгершілерімізді Таяу Шығысқа жөнелту туралы шешім Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданды. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары бұл шешімді мақұлдағандар қатарында болды.
– Қазақстанның БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуы практикалық дағдыларды игеруде, Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруда, жалпы алғанда, тәжірибені арттыруда үлкен маңызға ие деп санаймыз, - деп атап өтті мәжілісмен Ислам Сұңқар. - Сондай-ақ бұл Қазақстанның БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретіндегі халықаралық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді деп есептейміз.