Берік отбасы – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі

Қазақстан Халық партиясының әйелдер қанаты «Берік отбасы – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» тақырыбында диалог алаңын ұйымдастырып, өткізді. Іс-шараға өңірлік филиалдардың Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Ардагерлер кеңесі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, «Балқадиша» вокалдық-фольклорлық халық ансамблі, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, мұғалімдер мен мектеп оқушылары қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кездесу қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайту мен дамытудың негізі ретінде отбасылық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған. Ана мен баланы қорғау және қолдау – Қазақстан Халық партиясы саясатының негізгі басымдықтарының бірі.

1

«Қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының негізі ретінде берік отбасыларды барынша қолдау қажет», - деп атап өтті партия мүшелері.

Диалог алаңы форматында өткен шарада бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, «Алаш» партиясының қызметіндегі ұлттық тәрбие идеялары, педагог-ағартушылардың еңбектеріндегі отбасы тәрбиесінің құндылықтары, «Сенімен болашақ» РҚБ-ның отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайтудағы тұжырымдамасы мен қызметі талқыланды. Дәстүрдің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы, сонымен қатар қазіргі кездегі отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері туралы да айтылды.

«Отбасы – бұл жай ғана қоғамның бір бөлшегі емес. Ол – тұтас еліміздің, оның болашағының, тұрақтылығы мен өркендеуінің іргетасы. Бұл – барлығының бастауы: өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, мінез-құлық қалыптастыру, өмірлік құндылықтар мен моральдық қағидаларды жеткізу, - деп атап өтті ҚХП әйелдер қанатының жетекшісі Гүлбахша Мұсабаева.

Іс-шараның соңында «Берік отбасы» номинациясы бойынша байқау қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Оларға алғыс хаттар, сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy