Қоғамдық қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет

dep.jpg

Астанада өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрі Ержан Саденовпен бірге елдегі қылмыс деңгейі, құқықтық тәртіп және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Депутат, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежана Имашева бұл бағыттағы бірқатар өзекті түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі – халықтың полицияға деген сенімі.

– Қазақстанда полиция ұзақ уақыт бойы жабық, жазалаушы орган ретінде қабылданып келді. Денис Теннің өліміне қатысты қайғылы оқиғадан кейін қоғам бұл жүйенің түбегейлі өзгеруін талап етті. Содан кейін ауқымды реформа жүргізіліп, полиция қызметі «сервистік модельге» көше бастады. Бұл модельдің басты мақсаты – полицияның ашықтығын арттырып, халық сеніміне ие болу, – деді депутат.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Әлі күнге дейін қазақстандықтардың бір бөлігі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік үшін тек құқық қорғау органдары жауапты деп есептейді.

– Азаматтарды құқық бұзушылықтың алдын алуға және оны болдырмауға жұмылдыру оңай шаруа емес. Қоғамды шын мәнінде серіктес болуына ынталандыру қажет, бұл үшін полиция қызметін әрі қарай жаңғыртқан жөн, – деді Снежана Имашева.

Сонымен қатар депутат еліміздегі құқық бұзушылардың орташа әлеуметтік портретін мысалға келтірді: ол – 20 мен 40 жас аралығындағы, жоғары білімі жоқ (81%), жұмыссыз (77%) ер азамат. Олардың 15 пайызы құқық бұзушылық кезінде мас күйде болған.

– Бұл статистика мемлекеттік саясаттың қандай бағыттарға басымдық беруі қажет екенін көрсетеді: сапалы біліммен қамту, тұрақты жұмыс орындарын құру, лайықты еңбекақы тағайындау, сонымен қатар халықтың құқықтық сауатын арттыру мен заңға деген құрметті қалыптастыру – басты міндет болуы тиіс. «Заң және тәртіп» қағидатын жүйелі жүзеге асыру – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізі, - деп атап өтті депутат.

Осы мәселелерді талқылау барысында депутат, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов та пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция жұмысы ғана емес, азаматтардың өз белсенділігі де аса маңызды. Бұл ретте қоғамдық көмекшілер, кеңестер мен басқа да азаматтық бастамалардың рөлін күшейту қажет.

– Заңды сыйламайтын қоғамда тұрақты қауіпсіздікке қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан азаматтардың заңға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған білім беру және ақпараттық жобалар басты назарда болуы керек. Қоғамдық қауіпсіздік – тек полицияның немесе прокуратураның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Мемлекет, қоғам және халық бірлесіп жұмыс істегенде ғана біз шынайы тұрақтылық пен сенімділікке қол жеткізе аламыз, - деді Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy