Қазақстан Халық партиясы әлеуетін нығайтып, партия қатарын кеңейтуде. Елдің түкпір-түкпіріндегі филиалдар мен өкілдіктерде жаңа жақтастар партия билетін алып, ҚХП қатарына қосылып жатыр.
ҚХП Қарасай аудандық өкілдігінде «Center Security Service» ЖШС кәсіпорны базасында бастауыш партия ұйымы құрылды.
– Бұл – біздің партияның дамуы мен еңбек ұжымдарымен өзара әрекеттестігін нығайтудағы маңызды қадам! Бастауыш партия ұйымдары – партияның жергілікті тірегі, олар азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті дамытуға бағытталған бастамалар қалыптасатын белсенді орталықтар, - деп атап өтті партиялықтар.
Кәсіпорын қызметкерлері ҚХП-ны қолдайтындарын білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға дайын екендерін жеткізді.
– Қазақстан Халық партиясы – еңбек адамдарының партиясы. Сондықтан партия қатарының бизнес және жұмысшы ұжымдарының өкілдерімен толығуы заңды құбылыс. Бұл халықтың партия бағдарламасы мен мақсаттарына сенім білдіретінін көрсетеді, - деді олар.
Балқаштағы филиалда да партия билетін тапсыруға арналған салтанатты жиын өтті. Оған ҚХП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Қалел Мақсұтов және ҚХП Орталық аппараты Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов қатысты. Сол жерде партия белсенділері «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.
– ҚХП қатарына жаңа өкілдер қосылып жатыр, ал белсенділердің еңбегі лайықты бағалануда! – деді Оразханов.
Сонымен қатар, партия мүшелері Балқаш қаласындағы мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының ұжымымен кездесті. Жиында маңызды әлеуметтік мәселелер талқыланып, әлеуметтік қызметкерлердің балалар тәрбиесіндегі рөлі ерекше екені атап өтілді. Партия өкілдері жергілікті Халық банкі филиалына да барды. Ондағы банк қызметкерлері ҚХП қатарына кіруге ниет білдірген.
Шымкент қаласында да «Әділ билер» РҚБ кеңсесінде партияның жаңа мүшелеріне билеттер тапсырылды. ҚХП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахтияр Жандарбеков азаматтық қоғам қызметінің маңызына тоқталды.
– Бұл – біздің партияны нығайту, ортақ мақсаттарға ұмтылған азаматтардың қатарын көбейту және еліміздің дамуына қосатын үлесімізді арттыру жолындағы маңызды қадам. Бірге үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін! - деді ол.
Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында да ҚХП Алматы облыстық филиалының қызметкерлері партияның жаңа мүшелеріне билеттерді салтанатты түрде табыстады.
– Біздің қатарымызға қосылған әрбір азамат – еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын, әділеттілік пен теңдік қағидаларын ұстанатын жан, – деді алматылық партия өкілдері.
ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы да партия қатарына жаңадан қосылғандарға партия билеттерін табыстау рәсімін ұйымдастырды. Филиал төрағасы Қайрат Мусин жаңа мүшелерді жылы қарсы алып, олардың белсенді азаматтық ұстанымын атап өтті. Ал Жадыра Закарина партияның қалыптасу тарихы, негізгі міндеттері мен басым бағыттары туралы кеңінен айтып берді. Іс-шараға ОА Ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Анар Дүкенбаева мен Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Ілияс Төлегенов қатысты.
Осыған ұқсас жиындар Қызылорда облыстық және ҚХП Алматы қалалық филиалдарында да өтті.