Қазақстан Халық партиясы «Дара Тұлға» акциясын жалғастыруда. Акция мәдени-ағартушылық сипатқа ие. Шара аясында мәдениет қайраткерлерімен, спортшылармен, ғалымдармен және басқа да танымал азаматтармен кездесулер, сондай-ақ мұражай экскурсиялары, кітапханаларға бару, әдеби кештер және т.б. жоспарланған.
ҚХП Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері Түркістан қаласының көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің студенттеріне арналған іс-шара ұйымдастырды. Оқушылармен кездесуге «Ақ Жол» ЖШС құрылтайшысы Сабыр Атаев келді.
Кәсіби құрылысшы және сауатты басқарушы Сабыр Атаев облыс аумағынан тыс жерлерде де танымал тұлға. Еңбек жолын қарапайым механик болып бастап, кейін шебер, одан кейін темір-бетон бұйымдары цехының бастығы болды. 90-шы жылдары «Шымкентмелиорация» тресті базасында Атаев жаңа заманауи кәсіпорын құрып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етті. «Ақ жол» ЖШС түріктің «Зафер» фирмасымен ынтымақтаса отырып, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылысы кезінде Түркістан мен Кентауды абаттандыру бойынша мердігерлік жұмыстарды орындады. Ал қаланың 1500 жылдығына орай көшелер мен алаңдарды абаттандыру бойынша жұмыстардың басым бөлігін орындады және оралмандарға арнап мектеп салды.
Кездесу барысында студенттер Сабыр Атаевтың өмірбаянымен және кәсіпорынның еңбек жолымен танысты. Ал елге әйгілі кәсіпкер болашақ мамандардың сұрақтарына жауап берді. Шара соңында ҚХП Түркістан облыстық филиалының төрайымы Зухра Қамбарова құрметті қонаққа Алғыс хат табыстады.