Кәсіпкерге қысым емес, мүмкіндік керек

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде кәсіп ашқысы келетін немесе отандық экономикаға қаржы салуға ниетті азаматтарға түрлі әкімшілік кедергілер жасалып отыр. Мұндай келеңсіздіктің айқын мысалы – Алматы облысындағы заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған аурухананың әлі күнге дейін сумен қамтылмауы. Депутаттың айтуынша, бұл – жергілікті шенеуніктердің сылбырлығы мен жүйесіз шешімдерінің салдары.

– Президенттің премьер-министрге жолдаған үндеуі – яғни инвесторларға жағдай жасау туралы тапсырмасы – өте орынды әрі уақытылы шешім. Сондай-ақ Мемлекет басшысы салық органдары мен бақылаушы құрылымдардың кәсіпкерлерге қысым көрсетіп отырғанын орынды сынға алды. Бизнес дегеніміз – өзіміздің азаматтарымыз емес пе?! – деді Ирина Смирнова.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда жеке кәсіпкерлікке қатысты 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар. Олардың көпшілігі бір-біріне қайшы келетін түзетулермен «шұбалаңқы» күйге түскен, бұл өз кезегінде бизнестің дамуына үлкен кедергі келтіреді.

Осыған байланысты Президент Үкіметке заңнаманы кешенді түрде қайта қарап, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сай бейімдеуді тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында арнайы Реттеуші интеллект орталығы құрылады. Ол түсінікті, жүйелі әрі тиімді шешімдер әзірлеумен айналыспақ.

– Кәсіпкерді тұқыртатын емес, қолдайтын қоғам болуымыз керек! Мемлекеттік органдар бизнеске жау сияқты емес, салық төлеп, елге пайда әкелетін әріптес ретінде қарауды үйренуі керек, – дейді Ирина Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy