
Шенді-шекпенділер шешім қабылдауға асықпай отырғанда, ауыр дертке шалдыққан балалар ауырсынуды басуға қажетті дәрілерсіз күн кешіп, зардап шегуде. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселесін қайта көтерді.
Депутаттың айтуынша, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі балаларға паллиативтік медициналық көмек ұйымдастыру мен көрсетудің ұлттық стандартын әзірлеу бастамасын қолдағанымен, бұл жұмыс аяқсыз қалып, белгісіз себептермен бір жылға жуық уақыт тоқтап тұр. Ал бұл – әрбір күннің өзі балалардың жан қиналысымен өтіп жатқанын білдіреді.
– Балаларға паллиативтік көмек көрсету стандартының жоқтығы саланың сапалы жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр. Дәрігерлер қандай диагнозы бар баланы паллиативтік мәртебеге ауыстыру керектігін де, бұл мәртебедегі балаға қандай бақылау жүргізу қажеттігін де біле алмай отыр, – деді Смирнова.
Сонымен қатар, депутат балаларға арналған анестезиология және қарқынды терапия саласындағы мамандарды даярлау мәселесін де өте өзекті деп атады. Бұл тұрғыда Ирина Смирнова елордалық медициналық университеттегі «Балалар анестезиологиясы, жедел және қарқынды көмек» кафедрасын жабу туралы шешімін сынға алды. Ол бұл шешімді салаға жасалған соққы, тіпті «диверсия» деп бағалады.
– Балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясы – елімізде ең тапшы медициналық мамандықтардың бірі. Бүгінге дейін Қазақстанда бар-жоғы екі ЖОО ғана осындай мамандарды дайындап келсе, қазір жалғыз ғана университет қалды, – деді депутат.
Осыған орай, Қазақстан Халық партиясы фракциясы балаларға паллиативтік көмек көрсетудің нақты стандартын шұғыл бекітіп, елордалық университеттегі қажетті медициналық кафедраны жабу туралы шешімді қайта қарауды ұсынып отыр.
@halyk_partiyasy