Қазақстан Халық партиясының депутаттары балаларға паллиативті көмек көрсету мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Бұған дейін ҚХП парламенттік фракциясы осы бағытта депутаттық сауал жолдап, мәселені көтерген болатын. Сол кезде белгілі бір ілгерілеу байқалған еді. Алайда бүгінде бұл процесс қайтадан тоқтап қалған.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова бұл жолы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жүгінді.
– Осы уақытқа дейін паллиативті көмек ересектер мен балалар арасында бөліп қарастырылған жоқ. Ал шын мәнінде, бұл екі топқа көрсетілетін көмектің бағыты мен тәсілдері мүлде өзгеше. Мәселен, ересектерде паллиативті мәртебе көбіне онкологиялық науқастарға берілсе, балалар арасында, ата-аналардың өтініштеріне қарағанда, неврологиялық сырқаттар жиі кездеседі, – деді депутат.
Тек соңғы кезде осы кемшілік ескеріліп, паллиативті көмек ересектер мен балаларға жеке-жеке қарастырыла бастады. Алайда әлі күнге дейін балаларға паллиативті медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты мақұлданбаған.
– Баланы паллиативті мәртебеге ауыстыру оңай емес. Себебі бұл шешімді нақтылауға негіз болатын ресми құжат жоқ, – деп атап өтті Ирина Смирнова.
Бір айта кетерлігі, бұл стандарттың жобасы әзірленіп қойған. Бірнеше ай бұрын отандық мамандар оны Денсаулық сақтау министрлігіне сараптауға жіберген.
– Бірақ содан бері министрліктен ресми қорытынды шығарып, нақты шешімге келмеді. Құжатты бекіту процесі созылып кетті, – деді Смирнова.
Ал бұл кезде паллиативтік көмекке зәру балалардың жағдайы күннен күнге қиындап барады. Ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділік шектеулі. Үйге барып көмек көрсететін мобильді топтар, хоспис орындары мен стационарлық төсектер жеткіліксіз.
Медициналық мекемелер емделмейтін дертке шалдыққан балаларды қабылдаудан қашқақтап, үйіне шығаруға тырысады. Өйткені олар бұл балаларға нақты әрі жүйелі көмек көрсете алмай отыр. Ал қажетті стандарттың әр күнге кешігуі – ауыр дертпен өмір сүріп жатқан бала үшін физикалық азап, ата-ана үшін жан күйзелісі.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда паллиативті көмекке мұқтаж 6000-нан астам бала бар.