Күрделі мәселелер

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары еліміздің өңірлерінде көшпелі кездесулерін жалғастыруда. Бұл іс-шаралар халықпен кері байланыс орнатуға, жергілікті жердегі мәселелерді анықтауға және оларды сайлаушылармен бірлесе отырып тиімді шешу жолдарын іздеуге бағытталған.

Жұмыс сапары аясында ҚХП депутаты Асылбек Нұралин Ұлытау және Ақмола облыстарын аралады. Ол әріптестерімен бірге Жезқазған қаласындағы облыстық көпсалалы ауруханада, сондай-ақ «Қазтехфильтр» кәсіпорнында және «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясында болды.

Көпсалалы аурухана ұжымымен парламентарийлер мекеменің материалдық-техникалық қамтылуындағы кемшіліктерді, саладағы білікті кадрлардың жетіспеушілігін және өңірдегі онкологиялық жағдайды талқылады. Соңғы мәселе бұл аймақта өте өзекті – мәжілісмендер осы тақырып бойынша бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын.

Күрделі мәселенің түйіні тарқауға жақын.

Қазіргі уақытта жағдай шешіміне жақындап келеді. Биыл ауруханаға жапсарлас 100 төсектік жаңа корпустың құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қолдауымен сәулелік терапия бөлімшесінде заманауи жоғары технологиялық жаңа жабдықты пайдалануға беру көзделген.

Ақмола облысында Асылбек Нұралин кәмелетке толмағандарға арналған «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау орталығының қызметкерлерімен кездесті. Бұл жерде өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетіледі. Мамандар қызмет барысында кездесетін өзекті жайттарды тілге тиек етіп, заңнамалық реттеуді қажет ететін бірқатар мәселелерді ортаға салды.

1

– Барлық ақпарат назарға алынды және әрі қарай қарастыруға жіберілді, – деп атап өтті іс-шараның қорытындысында мәжілісмен.

Сонымен қатар халық қалаулысы тұрғындармен жеке жүздесіп, азаматтарды қабылдады. Тұрғындар ерекше білім беру қажеттілігі (ЕБҚ) бар балаларды қолдаумен олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты мәселелерді көтерді. Өңірдің тағы бір «созылмалы дерті» – жер қатынастарының реттелмеуі, яғни жер пайларын рәсімдеу, пайдалану және меншік иелерінің құқығын қорғауға қатысты қиындықтар.

2

– Түскен барлық ұсыныстар, ескертулер мен проблемалық мәселелер назарға алынып, бақылауға алынды, – деп түйіндеді Асылбек Нұралин.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy