Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан бойынша көптеген қайырымдылық акциялары мен марафондар ұйымдастырылуда. Қазақстан Халық партиясының волонтерлері де соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен «соғыс перзенттеріне» қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр.
Қарағанды облыстық филиалының өкілдері Сайлаубай Садықовтың үйінің аумағын қардан тазарту жұмыстарына атсалысты. Қар күреу үлкен жастағы адамдар үшін қиын іс. Осы ретте үй иесі жас көмекшілерге шынайы алғысын білдірді.
Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мүшелері тыл еңбеккері Ғалия Ишмаметованың ауласын қардан тазартуға волонтерлерді жіберді. Кейуана соғыстан кейінгі жылдары эвакуацияланған Киров зауытында еңбек еткен.
– Егде жастағы жандарға көмектесу – майдан мен тыл ардагерлеріне деген құрмет пен алғыстың белгісі. Олар қиын-қыстау жылдары елді қолдап, қалпына келтіруге зор үлес қосты, – деп атап өтті шараға қатысушылар.
Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Жас орта жастар қанатының еріктілері «соғыс перзенті» – Вера Ларионованың ауласын мұз бен қардан тазартты. Сонымен қатар, жастар зейнеткерге үй шаруасына да көмектесті.