Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан БҰҰ мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитетінің 30-шы сессиясына қатысу үшін Женеваға ұшып кетті.
Сессия отырысында талқыланатын тақырыптардың бірі Қазақстан Республикасының «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын орындау туралы» бірінші баяндамасын қарау болып бекітілген. Өткен жылы Мәжіліс мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялады. (Қазақстан Конвенцияның өзін 2015 жылы ратификациялаған.)
Хаттаманың негізгі ережелері әлеуметтік интеграцияға, яғни қоғамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне мүгедектігі бар адамдардың қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа, құжат Конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау тетіктерін белгілейді.
– Енді мүгедектігі бар адамдар өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болады, - деп атап өткен еді сол кезде ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан.