Бюджет қызметкерлері мен медицина мамандарының жалақысын өсіру қажет

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовпен кездесті.

Депутат пен әкім өңірдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін тілге тиек етіп, ой бөлісті.

Г.Танашева қоғам әділетсіздіктен, сыбайлас жемқорлықтан, кедейшіліктен шаршағанын алға тартып, ел азаматтарының әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешу қажеттігіне назар аударды.

– Біздің қоғамда шешімін табуға тиіс қарапайым мәселелер көп. Алайда олар бюрократияның кесірінен жылдар бойы азаматтарға қиындық туғызады. Атқарушы биліктің қызметін тиісінше атқарса, көптеген мәселелер өздігінен шешілер еді, – деді депутат.

Г.Танашева бюджет қызметкерлерінің, медицина мамандарының жалақысын ұлғайту уақыт талабы екенін мәлімдеді.

– Олар қашанғы жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді? Неге олар үнемі таршылық көруі керек? Бізге осындай сауалдар жиі қойылады. Мәселені шешудің бір ғана жолы бар: бюджет қызметкерлерінің, медицина мамандарының жалақысын өсіру қажет, – деді мәжілісмен.

Депутат көпбалалы аналардың да мәселесін қозғады. – Үкіметке атаулы әлеуметтік көмекті 70 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыға алмастыру туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе шұғыл шешілмейді. Себебі бұған дейін мұндай талап қойылып, мұндай мәселе көтерілмеген. Көпбалалы аналар Үкімет әр балаға 70 мыңнан бермесе де, 25 мыңнан берсе екен деген өтініштерін білдіріп жатыр, – деді Г.Танашева.

Осыдан соң депутат көпбалалы ана мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс деген бастамасын түсіндірді. – Елімізде үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы деген мәртебесінен айырылады. Бұл аяулы аналарға деген әділетсіздік. Біз балалардың жасына қарамастан төрт немесе одан да көп перзентті дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар үшін өмір бойы «Көпбалалы ана» мәртебесін сақтауды ұсындық, – деді Г.Танашева.

Оның сөзінше, қазіргі заңнамаға сәйкес 5 және одан көп баласы бар аналар – 53 жаста, ал 4 перзенті бар көпбалалы аналар – 63 жаста (5 жылдық мораторий әйелдердің зейнетке шығу уақытын 61 жас деп шектеді) зейнетке шығады. Бұл өз кезегінде «Көпбалалы отбасылардың белгілі бір санатын кемсіту болып табылады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy