Поликлиника қызметкерлері ақпарат қайталана беретін шамамен 200 есептік форманы толтыруға мәжбүр! Медициналық мекемелердегі бюрократиямен Денсаулық сақтау министрлігі қалай күресуді жоспарлап отыр? Бұл мәселені Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова көтерді.
Депутаттың айтуынша, көптеген медициналық мекемеде пациентті қабылдау уақыты 15 минутты құрайды. Осы аралықта дәрігер науқасты қарап, ем тағайындап қана қоймай, есептік құжаттарды да толтыруы тиіс.
– Ақпарат үшін айта кетейін, 2020 жылдың қазан айында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 156 есептік форма бекітілген, ал сол жылдың желтоқсанында оған тағы 28 форма қосылды. Осылайша, барлығы 184 есептік құжат жиналды, - деп нақтылады Смирнова.
Депутаттың пікірінше, деректерді бірыңғай базаға енгізуге мүмкіндік беретін цифрлық денсаулық сақтау жүйелерін интеграциялау қашан жүзеге асырылатыны белгісіз. Осы ретте ол бір-бірін қайталайтын құжаттарды алып тастап, есептік формалардың санын қайта қарау қажет екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев қазіргі кезде есептілік екі салалық бұйрықпен реттелетінін мойындап, бірақ жақын арада бұл мәселе оң шешімін табатынын айтты.
– Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына қайтарылды. Ол бүгінде барлық салалық ақпараттық жүйелердің әкімшісі саналады. Бұл өңірлердегі медициналық ақпараттық жүйелер мен салалық жүйелер арасындағы қажетті интеграцияны жүргізуге ықпал етеді, - деді вице-министр.
Жаңа тәсіл аясында есептік формалардың саны 30%-ға қысқартылмақ. Ал болашақта ақпарат жинау мен статистикалық мәліметтерді толтыру автоматтандырылатын болады.
– Нәтижесінде бұл медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін едәуір азайтады, – деп қорытындылады Нұрлыбаев.