Мәжіліс 42 млрд теңгелік қарыз келісімін ратификациялады

dep.jpg

Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ) арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Құны 42 миллиард теңге болатын қарыз қаражаты елде инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған жедел цифрландыру жобасына жұмсалмақ.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба толық аяқталғаннан кейін, республика бойынша 1123 ауылдағы 550 мыңға жуық үй шаруашылығы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Қарызды өтеу 2028 жылы басталып, 2035 жылға дейін жалғасады.

– Бұл ең сапалы, тұрақты әрі қауіпсіз технология – талшықты-оптикалық байланыс желісі, – деп нақтылады министр.

ҚХП фракциясының мүшесі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан неге дәл осындай несие түрі таңдалғанын және неліктен ХҚДБ-дан алынғанын сұрады.

– Сіздер жүздеген мың үй шаруашылығын интернетпен қамтамасыз етпекшісіздер. Бірақ ол жерлерде нақты қанша азамат тұрады және әлеуметтік осал топтар, мүгедектігі бар жандар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? – деп сұрады депутат.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ХҚДБ-ны таңдауға басты себеп – несиенің өте тиімді шарттары, оның ішінде пайыздық мөлшерлемесінің 1%-дан төмендігі болған.

– Бұл – үнемді шешім деп есептейміз, – деді министр.

Ал жеңілдіктерге қатысты сұраққа ол байланыс операторлары жауапты екенін айтып, аталған компаниялардың әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы төмен тарифтері бар екенін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy