
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Үкіметті баға саясатын қатаң бақылауға алуға шақырды.
Оның айтуынша, ел экономикасының дамуы да, халықтың тұрмыс деңгейі де ең алдымен бағаға байланысты. Ал қазіргі жағдайда тауарлар мен қызметтердің бағасы бақылаусыз өсіп, көп жағдайда негізсіз қымбаттап кеткен.
– Көтерме және бөлшек сауда бағаларын, сондай-ақ тарифтерді қайта қарау қажет, – деді депутат.
Магеррамовтың пайымдауынша, баға мәселесінің шешілмеуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық реформаларын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Мемлекет басшысы бұл түйткілді соңғы Жолдауында да атап өткен болатын.
– Әсіресе бөлшек саудадағы бағаға баса назар аудару керек. Бүгінде көптеген азық-түлік өнімдерінің дүкендегі бағасы оларды өндіруге кеткен шығыннан да, сатып алу құнынан да әлдеқайда жоғары. Бұл – қалыпты жағдай емес. Оның зардабын ай сайынғы жалақысымен, зейнетақысымен немесе жәрдемақысымен күн көріп отырған қарапайым халық тартып отыр, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі.
Депутаттың сөзінше, бақылаусыз қымбатшылық халықтың өмір сүру деңгейін төмендетіп отыр. Сондықтан жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталған нақты қадамдар қажет.
– Әрине, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалуы керек. Шағын және орта бизнес табыс табуы тиіс. Бірақ бұл халықтың сатып алу қабілетінің есебінен жүзеге аспауы қажет, – деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар ол мәселені кешенді түрде шешу керектігін атап өтті. Өйткені тек баға саясатын реттеумен ғана халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Бұл ретте қаржы-несие жүйесіндегі, банктердің жұмысындағы олқылықтарды да жоюға назар аудару қажет.
@halyk_partiyasy