
Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы Үкіметті баға белгілеу саласында нақты әрі сауатты саясат қалыптастыруға шақырды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда шенеуніктердің олқы жұмысының салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегіп отыр.
Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, партия бұған дейін де бірнеше рет бағаның экономикалық және әлеуметтік саясаттың маңызды тетігі екенін айтып келе жатыр.
– Нарықтық экономика жағдайында баға икемді болуы керек екені түсінікті. Оған түрлі факторлар әсер ететіні де заңды. Бірақ біздің ойымызша, баға саясатының реттелмеуі халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруды қиындатып отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, қазір бұл сала іс жүзінде бақылаусыз қалған. «Нарықтың көрінбейтін қолы» баға мәселесін реттей алмай отыр.
– Жалақы мен зейнетақыны көтеру туралы сөз қозғала қалса, нарық бірден бағаны көтеруге көшеді! Нәтижесінде, азық-түлік, тауар мен қызмет бағасының негізсіз және бақылаусыз өсуі азаматтарға табысының көбейгенін сезінуге мүмкіндік бермей отыр, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, Үкімет тек жазалау шараларымен шектелмей, тұтынушының мүддесін құрбан етпей-ақ, бизнес үшін де тиімді тепе-теңдік ұсынатын баға саясатын әзірлеуі тиіс.
@halyk_partiyasy