Қазақстан Халық партиясының «Халық аманаты» жобасы ерекше қажеттіліктері бар, оның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау жұмысын жалғастырып келеді. Қазір партия мүшелері осы санаттағы балаларды бейімдеу және оңалту ұйымдарында тексеру жұмыстарын жүргізіп, арнайы орталықтар мен медицина кабинеттеріне барып, ондағы мамандармен және балалардың ата-аналарымен кездесіп, бар проблемаларды анықтап, шешу жолдарын қарастыруда.
Түркістан облыстық филиалының ұжымы облыстағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығына барып қайтты. Мұнда партия мүшелері «Толағай» спорт сайысына демеуші әрі көрермен ретінде қатысты. Іс-шараны салауатты өмір салтын насихаттаушы, орталық басшысы Берік Серікбаев ұйымдастырды. Балалар мен ата-аналар арасынан жеңімпаз атанғандарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сайыстан кейін орталықтың акт залында балалардың ата-аналарымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Зухра Қамбарова ҚХП-ның әлеуметтік саладағы басты бағыттардың бірі – ерекше баласы бар отбасылардың өмір сүру деңгейін көтеру екенін атап өтті. Соңғы жылдары эпилепсия мен аутизм жағдайлары жиілеп барады. Осыған байланысты 2025 жылдың қыркүйек айында Түркістанда осындай науқастарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашу жоспарланған.
Ата-аналар да өз мәселелерін бөлісті. Қимыл-тірек жүйесі бұзылған балалардың аналары инватакси тапшылығын, білікті мамандардың жетіспейтінін және мүгедек арбаларының сапасының төмендігін айтып шағымданды. Мұндай арбалар 5–7 жылға арналғанымен, кейбірі бір жылдың ішінде жарамсыз болып қалады.
– Түркістан қаласындағы ерекше балаларға арналған «Петрушка» орталығы 3-қабатта орналасқан. Арбадағы балалар үшін оған көтерілу өте қиын, – деді ата-аналар.
Қызылорда облыстық филиалының өкілдері аутизм спектрі бұзылысы бар балалардың ата-аналарымен кездесті.
– Өкінішке қарай, бүгінде АСБ-мен ауыратын балалар саны көбейіп келеді, – деп атап өтті кездесуге қатысушылар.
Іс-шара барысында ата-аналар мұндай балаларға арналған арнайы мекемелер желісін кеңейту және мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін көтерді. Қазір оңалту орталығына бару үшін ұзын-сонар кезекке тұру қажет. Бір жыл бойы күту бұрынғы оңалтудың нәтижесін жояды.
Қостанай облыстық филиалының өкілдері Қостанай қалалық қуыршақ театрына барды. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қойылымдар тұрақты түрде өтіп тұрады. Театрда балалардың ата-аналарымен және педагогтармен бірге қойылымға белсене қатысуына мүмкіндік беретін kinder-зал жасақталған. Театр Қостанай, Тобыл және Рудный қалаларындағы аутизм және басқа да менталдық ерекшеліктері бар балаларға арналған түзету және күндізгі орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Театр – бұл арт-терапия. Шығармашылық – ойлау қабілеті мен сенімділікті дамытудың кілті. Мұндай қойылымдар балаларға өздерінің маңызды екенін сезінуге, ашылып, қоғаммен араласуға алғашқы қадам жасауға көмектеседі, - дейді театр директоры Төленді Алқожа.