Өңірлерде балаларға арналған оңалту орталығы тапшы

dep.jpg

Өңірлерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған реабилитациялық орталықтардың жетіспеуі азаматтардың амалсыздан ірі қалаларға көшуінің бір себебі болып отыр. Реабилитациялық көмектің тапшылығы туралы мәселені Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магерам Магеррамов көтерді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, облыстарда мүгедек балалардың Астана немесе Алматыға бармай-ақ қажетті ем-шараларды қабылдауына жағдай жасайтын медициналық мекемелер тым аз. ҚХП фракциясы бұл мәселе жөнінде уәкілетті органдарға ақпарат жолдағанымен, тек формалды жауап алған.

– Орталықтардың тапшылығы – азаматтардың астанаға қоныс аударуының негізгі себептерінің бірі. Бұл өз кезегінде бюджетке де, инфрақұрылымға да қосымша салмақ түсіреді.

Сондықтан әлеуметтік тұрғын үйге де ұзын-сонар кезек пайда болады. Бұл мәселе қалай шешілмек? – деді Магеррамов. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, елде шамамен 117 мың мүгедек бала бар. Бұл балаларға көмек екі ведомство – Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және реабилитациялық қызмет ұсынады, қазіргі уақытта республика бойынша 80 реабилитациялық орталық жұмыс істейді.

– Әрине, бұл жеткілікті деп айту қиын, – деп атап өтті Бозымбаев.

Алдағы екі жылда республикада (алдымен Қостанай мен Ақтауда) Ұлттық балалар реабилитация орталығының филиалдары ашылады. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі жүргізіп жатқан жұмыс аясында, еліміздің 19 өңірінде ерте араласу орталықтары бар. Олар бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетуге бағытталған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік бейімдеу қызметін көрсететін шамамен 600 орталық бар. Оның 372-сі – мемлекеттік, қалғандары – лицензияланған жекеменшік, меценаттық ұйымдар мен ҮЕҰ-лар ашқан орталықтар.

– Қазір белгілі бір деңгейде қолжетімділік бар, бірақ ол әлі де жеткіліксіз, – деп қорытындылады вице-премьер. – Ертең кешке Түркістан облысында 150 орындық жаңа орталықтың ашылуы өтеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy