Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, ҚХП өкілі Ирина Смирнова жекеменшік мектептерге қатысты мемлекеттік білім беру тапсырысын жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қаржыландыру тәжірибесін сынға алды. Депутат Парламент Мәжілісінде өткен «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындаудың жаңа тәсілдері» тақырыбындағы Үкімет сағатында осы тәсілді жоюды ұсынды.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 600-ден астам жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр. Онда шамамен 300 мың оқушы білім алады. Бұл – еліміздегі оқушылардың жалпы санының 10 пайызына жуық. Сонымен қатар, жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешіп, жаңа жұмыс орындарын құрып отыр.
– Яғни, бұл оқу орындарына мемлекет қаржы салмай-ақ, кәсіпкерлер өз қаражатына мектептер ашып, бюджеттің жүгін жеңілдетіп отыр. Бұл – мемлекет үшін тиімді шешім, – деді Смирнова.
Алайда мемлекеттік білім беру тапсырысын жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қаржыландыруға көшіру бірнеше мәселеге себеп болған. Депутаттың айтуынша, бұл – елдегі ірі әрі табысты жобалардың бірінің тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр.
– Негізгі мәселе – бюрократиялық рәсімдердің күрделенуі. Соның салдарынан қаражатты бөлудің уақыты ұзарып, кей жағдайларда мүлдем төлем жасалмай қалып отыр, – деп атап өтті депутат.
Мұндай кідірістер жекеменшік мектептерді қаржылық қиындыққа, тіпті банкротқа ұшыратуы мүмкін. Мәселен, жалақы мен салықтарды, коммуналдық төлемдерді кешіктіру сияқты мәселелер туындап отыр. Әсіресе қызметі тек мемлекеттік тапсырысқа тәуелді және ата-аналардан төлем алмайтын мектептер қатты зардап шегеді. Ал бұл білім сапасының нашрлауына, әсіресе дотациялық өңірлердегі білім сапасына кері әсер етуі мүмкін.
– Қаржыландырудың жеткіліксіз болу қаупі бар, – деді депутат. – Ал жергілікті бюджеттер республикалық бюджетке қарағанда әлдеқайда тұрақсыз әрі мүмкіндігі шектеулі, – деді Ирина Смирнова.
Сондай-ақ қаржыландыруды жергілікті деңгейге ауыстыру шығындардың ашықтығын төмендетіп, субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады.
– Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мен қаржыландыруды орталық уәкілетті орган деңгейінде қарастыру қажет. Осылайша, біз білім берудегі тұрақтылықты, ашықтықты және барлық бала үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ете аламыз, – деді мәжілісмен.