
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстандағы жекеменшік мектептердің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қаржыландыруды жергілікті бюджеттерге беру нәтижесінде көптеген өңірлерде мұндай оқу орындарына тиесілі жан басына шаққандағы қаржы мүлде қарастырылмаған. Соңғы жылдары мемлекет жекеменшік мектептерге миллиардтаған теңге қарыз болып отыр.
Депутаттың дерегінше, елімізде бүгінде 800 жекеменшік мектеп бар, оның 600-і соңғы үш жылда ашылған. Бұл мектептерде 350 мыңға жуық бала оқиды. Солардың үштен бірінде балалар ата-анасының ақысысыз, тек жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру есебінен білім алуда.
– Бұл мектептердің арасында табыстысы да, шағыны да бар. Арнайы салынғаны да, қайта бейімделген ғимараттардағысы да бар. Бірақ оларды салу барысында, жабдық алу, мұғалімдерді қабылдау кезінде айқай-шудың болғанын естідіңіздер ме? Жоқ. Олар ешкімнің көмегінсіз бәрін өздері атқарып келеді, – деді Смирнова.
Алайда соңғы жарты жылда жекеменшік мектептердің жағдайы қиындап кеткен. Мемлекеттік мектептерде әр оқушыға бөлінетін қаржы толық көлемде төленсе, жекеменшік сектордағы әріптестері дәл сондай жұмыс атқарып отырса да қарызға батуда.
– Ол жақта қазақстандық балалар оқымайтындай әсер қалдырады! – деп наразылық білдірді депутат.
@halyk_partiyasy