Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстан Халық партиясы жастар арасында аталған мамандықтарды насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Партия мүшелері студенттерге өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырып, өз кәсібін ашып, дамыта алған табысты кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде.
Қарағанды облыстық партия филиалы Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттерімен «Дамыған азаматтық қоғамдағы саяси көшбасшы жастар көзімен» атты тақырыпта кездесу өткізді.
– Еңбекқорлық пен кәсібилік – кез келген қоғамның басты құндылықтары болуы тиіс. Өз ісінің шеберлері ұлттың жаңа сапасы қалыптастырады. Сондықтан мемлекет еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған нақты шаралар қабылдауы қажет, – деді филиал басшысы Қалел Мақсұтов.
Құрылыс саласы қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Айқын Ахметов осы колледждің түлегі ретінде өз оқу орнына қайта оралып, жастармен тәжірибесін бөліскеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Бұл білім ордасы менің өмірімде ерекше орын алады. Студенттермен кездесіп, өз жолымды айтып беру – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ол.
Қалалық мәслихат депутаты Анатолий Баранов жастарға азаматтық қоғамдағы саяси партиялардың рөлі мен барлық деңгейдегі сайлауға қатысудың маңызын түсіндірді. Кездесу барысында ҚХП-ның жергілікті Әйелдер қанатының өкілдері де сөз алып, әйелдердің саясатқа араласуы және әділетті қоғам құру үшін гендерлік теңдікті сақтау қажеттігі туралы айтты. Студенттер ҚХП-ның бағдарламасы, мемлекеттік реттеу саласындағы өзгерістер мен партияның болашағы жайлы сұрақтар қойып, белсенділік танытты.
Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы политехникалық жоғары колледжінде кездесу өткізді. Шараға колледждің бұрынғы түлектері қатысып, өз кәсіби жолдары мен жетістіктері жайлы бөлісті.
ҚХП Қостанай облыстық филиалы «МегаМельПром» ЖШС ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында кәсіпорын қызметкерлеріне партияның бағдарламасы таныстырылып, еңбегімен көзге түскен жұмысшыларға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, осы ұжымнан партияға қосылған азаматтарға партия билеттері тапсырылды.