Қазақстан Халық партиясы көктем мезгілінде «Мәдени мұра» жобасы аясында бірқатар экологиялық шараны қолға алды. Бұл бастамалар Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен сабақтастыра отырып жүзеге асырылуда.
Қарағанды облыстық филиалы Қарағанды орман және жануарлар дүниесі шаруашылығы басқармасымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойып, орманды қалпына келтіру бойынша бірлескен экологиялық акция өткізді. Аталған шараға Шет ауданындағы бастауыш партия ұйымының мүшелері белсенді атсалысты. Акция Қарағанды орман шаруашылығының 32-кварталындағы 23-бөлімшеде өтті.
– Осыдан үш жыл бұрын бұл аумақта болған ірі өрт орман алқабының көп бөлігін жойып жіберді. Бүгінде ортақ күшпен бұл аумақты қайта жасыл желекке айналдыруды бастадық. Нәтижесінде 10 гектар жерге қарағай көшеттері отырғызылды, – деді партия белсенділері.
Экологиялық акция Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара – ұрпақтар сабақтастығын, табиғатты қорғаудағы жауапкершілікті және болашақ үшін қамқорлықты айшықтайтын игі қадам. Партия өкілдері Қарағанды орман шаруашылығы басқармасының басшысы Ақсат Мұқановқа қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
– Отырғызылған әрбір ағаш – келешек ұрпақтың игілігіне бағытталған қомақты үлес, – деп атап өтті ҚХП мүшелері.
Алматы облыстық филиалы да «Мәдени мұра» жобасы аясында Шеңгелді ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен мемориалдар аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бастаманың алдында партия мүшелері өңірдегі ескерткіштердің жай-күйін зерттеп, қай аумақтарға көгалдандыру қажет екенін анықтап, жергілікті билікпен келісе отырып іске кірісті.
– Бұл тек көшет отырғызу емес. Бұл – жауынгерлерге деген құрметіміздің белгісі. Олар бізге бейбіт өмір сыйлады. Біз олардың ерлігін тек естелікпен емес, нақты іспен дәріптеуге тиіспіз, – деді акцияны ұйымдастырушылар.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Белое ауылында да игі іс жалғасын тапты. Мұнда Рощин ауылдық округіндегі кеңес жауынгерлеріне арналған обелиск маңында шырша көшеттері отырғызылды. Бұған дейін партия өкілдері мұнда сенбілік өткізіп, обелиск пен қоршауды бояған болатын. Ал округ әкімі, ҚХП мүшесі Руслан Айтов ескерткіш маңына тас төсеу жұмыстарын ұйымдастырды.
Осыған ұқсас бастама Қарасай ауданында да жүзеге асты. Жаңатұрмыс ауылында өткен сенбілікке партия мүшелері, жастар қанаты мен ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Қатысушылар мешіт маңын, Аманжолов көшесін және жаңа футбол маусымына дайындық ретінде стадион аумағын тазартты.
– Бұл шара туған ауылымызға жанашырлықпен қарап, біріге әрекет етудің маңызын көрсетті. Барша қатысушыға белсенділік пен ұйымшылдығы үшін алғыс айтамыз, – деді сенбілікке қатысушылар.