Қазақстан Халық партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акциялар мен жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Партия өкілдері көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, аумақтарды абаттандырумен айналысып, сенбіліктер өткізіп, отырғызылған көшеттерге күтім көрсетеді.
Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері мен азаматтық белсенділер С. Ерубаев даңғылы бойында орналасқан Түркістан қаласындағы «Отбасы аллеясында» тал егу жұмыстарын жүргізіп, талдарға телу әдісін қолданды.
– Түркістандық «Жасыл Аймақ» мекемесімен бірлесіп, аллеяның тазалығын сақтап, егілген жасыл желектің өсуін тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деді партия мүшелері.
ҚХП Абай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Кеңесбаев Семей қаласындағы №20 орта мектептің жоғары сынып оқушылары ұйымдастырған сенбілікке қатысты. Ол мектеп түлектерімен бірге қылқан жапырақты ағаштар отырғызды.
– Бұл сенбіліктің мақсаты тек аумақты тазалау мен көгалдандыру емес,. Ол оқушылар үшін бірлік пен табиғатқа қамқорлық танытуға мүмкіндік берді, – деді Кеңесбаев.
Ал партия филиалы жанындағы «Jas Orta» жастар қанаты облыс әкімі Берік Уәлидің шақыруына үн қатып, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке белсене атсалысты.
– Бұл шара арқылы белсенді жастарымыз қаланың тазалығына өз үлесін қосты. Мұндай сенбіліктер тек табиғатты қорғаумен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жауапкершілікті арттыруда да үлкен рөл атқарады, – деді партиялықтар.