Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен алғаш рет «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілген болатын. Бүгінде бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде табысты жүзеге асырылып келеді.
Республика азаматтары жаппай сенбілікке шығып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартып, гүлдер мен ағаштар отырғызып, қоршаған ортаны абаттандыруға өз үлесін қосуда. Бұл игі іске халық қалаулылары да атсалысты. Мәжіліс депутаттары Палата Спикері Ерлан Қошановтың басшылығымен сенбілікке қатысып, бөлінген аумақта 100 түп көшет отырғызды.
– Сенбілік – азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын қоғам алдындағы маңызды жұмыс түрі. Мұндай акциялар әрбір азаматтың қоғам өміріне үлес қосып жатқанын сезінуіне, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын ұғынуына ықпал етеді, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов.
Мәжілісменнің айтуынша, қоқысты жинау, аумақты абаттандыру және ағаш отырғызу еліміздегі қалалар мен ауылдардың экологиялық жағдайын және келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.
– Әрине, сенбіліктер адамдар арасындағы әлеуметтік бірлікті де нығайтады, себебі бірлескен еңбек жұртшылықты жақындастырады,. «Таза Қазақстан» акциясын қазақстандықтар белсенді қолдауда, мен бұл бастама болашақта халқымыздың тарихи әрі мәдени дәстүріне айналатынына сенемін! – деп түйіндеді депутат.