Астанада өткен жалпықалалық сенбілікке Қазақстан Халық партиясының өкілдері белсенді түрде атсалысты. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Партия мүшелері елорданың жасыл аймақтарының бірінде ағаш көшеттерін отырғызды.
«Таза Қазақстан» бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Президент акцияның маңызына тоқталған еді.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» бір реттік шара болмауы тиіс, ол – біздің өмір сүру салтымызға айналуы қажет, – деген болатын Президент.

Бұл экологиялық бастама елді мекендерді тазалау мен көгалдандыруға, табиғатты қорғауға ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметке негізделген эко-патриотизмді қалыптастыруға да бағытталған.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл – азаматтардың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінуі мен соны іс жүзінде көрсетуі.
– Бұл жай ғана сенбілік емес. Бұл – біздің мәдениетіміз, болашаққа қосқан маңызды үлесіміз. Табиғатқа деген қамқорлықты білдірудің және адамдарды ортақ игі мақсатта біріктірудің бір жолы. Ағаш отырғызып немесе айналаны тазалауға атсалыса отырып, біз жастарға үлгі көрсетеміз, бірлік сезімін нығайтамыз және өмір сүруге қолайлы, таза орта қалыптастырамыз. Тазалық ең алдымен өзімізден басталады, - деді депутат.
@halyk_partiyasy