
Қазақстан Халық партиясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тауар мен қызметтерді цифрлық теңге арқылы монетизациялау идеясын ұсынды. Бұл бастаманы ол «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын талқылау кезінде көтерді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, цифрлық теңге жақын арада айналымға енгізілуі тиіс.
– Осы заң жобасы цифрлық теңгені ұлттық валютаның жаңа формасы ретінде бекітеді. Ал айналымы мен қолдану тәртібін Ұлттық банк анықтайды, - деді ол.
Цифрлық теңгені енгізу – Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасының бір тармағы. Депутат Кенжеғұл Сейтжан оның қолдану аясын кеңейтіп, жаңа валютаны мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауар мен қызметтерді төлеу үшін қолдануды ұсынды.
– Біз Ұлттық банктің осы мәселеге назар аударуын қалаймыз. Мемлекеттік қызметтер үшін цифрлық теңге арқылы төлем енгізілсе, көптеген проблемалық мәселелер шешіледі, делдалдардың саны азайып, қаржылық тәуекелдер де төмендейді, - деді депуат-омбудсмен.
Сейтжанның пікірінше, бұл бастаманы Ұлттық банк Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жүзеге асыруы қажет.
– Осылайша, тендерге адал емес компаниялардың қатысуын болдырмай, сапасыз қызмет пен жабдықтың жеткізілуінің алдын аламыз. Әкімшілік кедергілер мен бюджет қаражатын жымқыру мүмкіндігін жоямыз. Ең бастысы, ақша тікелей мақсатты нысанға жетіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қажетті тауар мен қызметті ала алады, - деді ол.
@halyk_partiyasy