
Мәжіліс депутаттары тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында берген археологиялық қызметті ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында әзірленген.
Заң жобасының басты мақсаты – археология саласында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен пайдалануға қатысты заңнаманы жетілдіру.
Құжатта археологиялық зерттеу барысында анықталған тарихи-мәдени мұра нысандары туралы барлық деректі біріктіретін Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру қарастырылған.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова жаңа жүйенің іске асу мүмкіндігі мен оның қолжетімділігіне қатысты сұрақ қойды.
– Бұл жүйенің жұмысқа дайындық деңгейі қандай? Сондай-ақ ол ғылыми ұйымдар мен басқа да уәкілетті мекемелердің ақпараттық жүйелерімен біріктіріле ме? – деп сұрады депутат.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жүйені әзірлеу процесі басталып кеткенін айтты.
– Бірыңғай ақпараттық-археологиялық платформа құру жұмыстары 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы аясында жүргізіледі деп жоспарланған. Тиісті техникалық тапсырма дайындалды, сараптамадан өтті және жұмыс тобының қарауында. Барлық рәсімдер белгіленген тәртіппен атқарылуда, – деді вице-министр.
Жаңа жүйе Мәдениет және ақпарат министрлігінен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігіне дейінгі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың деректер базасымен біріктірілмек.
@halyk_partiyasy