
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге жасалатын шабуылдар үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Парламент депутаттарының, қоғам белсенділері мен азаматтардың ұсыныстарын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай бастаманы енгізу бірнеше төтенше жағдайдан кейін қажет болып отыр. Қарағандыда ер адам жеке медициналық орталықтардың бірінің қызметкеріне шабуыл жасап, салдарынан оның миы шайқалып, бірнеше сүйегі сынған. Сонымен қатар, Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері де пациенттің соққысына ұшыраған. Ақ халатты абзал жан жансақтау бөліміне түсіп, кейін санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді. Екі күдікті де қамауға алынды.
«Медицина қызметкерлерінің денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін мұндай оқиғалар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде заң жүзінде тоқтатылуы тиіс», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Мемлекет басшысы бұл бағытта ұлттық заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді ұсынды. Өзгерістерді Үкімет әзірлеп, Парламентпен бірлесе талқылап, қабылдайды.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау деректеріне қатысты Қылмыстық кодекске жеке бап енгізуді ұсынған болатын. Сондай-ақ олар дәрігерге шабуыл жасаған адам зардап шеккен маманның моральдық және материалдық шығындарын өтеуге міндетті болуы тиіс деген норманы заңмен бекітуді ұсынды. Егер дәрігер еңбекке жарамсыз болып қалса, өтемақы өмір бойы төленуі қажет. Дегенмен, депутаттар бұл бастамаларды бірнеше рет көтергенімен, сол кезде олар Үкімет тарапынан қолдау таппаған еді. Енді халық қалаулылары бұл жолы қажетті түзетулер күзде қабылданады деп болжап отыр. Әзірге ауруханалардағы күзет қызметін күшейту туралы шешім ғана қабылданды.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының мүшесі Ирина Смирнова медицина қызметкерлеріне жасалып жатқан шабуылдарды «барып тұрған бассыздық» деп бағалады. Оның пікірінше, ауруханаларға күзет қою — түпкілікті шешім емес.
– Әрбір дәрігердің қасына күзет қою мүмкін емес. Ең бастысы – азаматтардың жауапкершілігін арттыру, – деді ол.
@halyk_partiyasy