Қазақстандық дипломаттардың, әскери қызметкерлердің және шекарашылардың жұбайлары көбіне отбасылық жағдайларға байланысты жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылады. Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы олардың конституциялық еңбек ету құқығын қалпына келтіруді сұрады.
Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова көтерді. Ол елшілердің жұбайларының шетелдік мекемедегі бос әкімшілік және техникалық қызметтерде ғана жұмыс істеуге құқығы бар екенін атап өтті.
– Ал егер мұндай бос орындар болмаса ше? Елшінің қасында жүрген жұбайының тұрақты жұмысы жоқ, яғни зейнетақы жарналары да жоқ деген сөз. Демек, жеке қаржылай ресурстарға ие болуға немесе несие алуға да мүмкіндігі жоқ. Қаржылық еркіндік жоқ! Олар жұбайының елшілік қызметін өткеру кезiнде кәсіби біліктілігін жоғалтып, отанына оралған соң жұмыс табуда қиындықтарға тап болады, – деп атап өтті Смирнова.
Өзге елдерде, мысалы, Ресейде, Өзбекстанда, Беларусьте, Украинада және т.б. елшілердің жұбайларының шетелде тұру мерзімі жұмыс тәжірибесі ретінде есептеледі. Ал Бельгияда ерлі-зайыптылардың бірі зейнетақы жарналарының 50%-ын әйелінің немесе күйеуінің атына аударуға міндетті.
«Бұл мысалдар елшілердің қасында жүрген жұбайлары үшін әділ зейнетақы жүйесін құру мүмкіндігі мен қажеттілігін көрсетеді», - деді Ирина Смирнова.
Бұл мәселе жұмысы жоқ әрі шалғай аймақтарда қызмет ететін әскери қызметкерлер мен шекарашылардың жұбайларына да қатысты.
«Бұл мәселені қарап, жоғарыда аталған азаматтар тобының еңбек және зейнетақы жарналарына қатысты конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды ұсынамыз», - деп түйіндеді депутат.