Депутаттар көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдауды күшейтуді сұрады

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы Мәжілісте тағы да көпбалалы аналардың мәртебесі мен көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Фракция мүшелері Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева кез келген елдің дамуы мемлекеттік отбасы мен балаға деген қамқорлығына байланысты екенін айтты. Отбасы институтын нығайту, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді сақтау, балаларды өз отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу – мемлекет дамуының кепілі.

Қазіргі кезде елімізде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген, оның ішінде 90 пайызы (525 мың) 4 және 5 бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Олар үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін, егер оқу орындарына түсе алмаса, ондай жағдай көпбалалы отбасында жиі кездеседі , жәрдемақыдан да, басқа мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылады.

– Көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік наградалар мен жеңілдіктерді қазіргі уақытта біз қайтадан қарастыруымыз керек. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға арналған марапаттарды жаңарту және олардың заманауи қоғамда лайықты құрмет пен қолдауға ие болуын қамтамасыз ету, - деп атап өтті Танашева.

Осы ретте Қазақстан Халық партиясы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңының Көпбалалы аналарға арналған наградалар бөліміне өзгертулер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, көпбалалы аналардың мәртебесін өмір бойына бекіту, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын алудағы бюрократиялық тәртіпті жеңілдету, сондай-ақ жәрдемақы көлемін ұлғайту және көп балалы аналарға қосымша жәрдемақылар енгізу туралы ұсыныстарын білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy