Бүгін Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымының үшінші сессиясының алғашқы пленарлық отырысы өтті. Жиынның басында Палата спикері, депутат Ерлан Қошанов әріптестерін жаңа саяси маусымның басталуымен құттықтап, жемісті жұмыс тілеп, алдағы міндеттерді бекітті.
Мәжіліс төрағасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауына тоқталып, алда тұрған басым міндеттерді атады.
- Мемлекет басшысы депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жолдаудағы бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналды. Жолдауда айтылған көптеген мәселе заңнамалық қолдауды қажет ететінін көріп отырмыз, - деді Ерлан Қошанов.
Ол тізімде банк және салық заңнамасын реформалау, экономиканы дамыту, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, инвестициялар тарту, кадрлық әлеуетті дамыту, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу және т. б. міндеттер айқындалған.
– Бүгінгі күні ең көп талқыланып жатқан мәселе – Атом электр стансасын салу мәселесі. Атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба екені сөзсіз. Бұған оң халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Бірақ аталған мәселені түпкілікті шешу үшін бүкіл қоғамның бірігуі қажет. 6 қазанда өтетін референдумда халық өз шешімін қабылдайды. Барлық депутат Президенттің осы прагматикалық идеясын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеді деп сенемін, - деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, Қазақстан Халық партиясы АЭС құрылысын жақтаушылардың қатарында. Бұл мәселе бойынша партия халыққа тиісті үндеу де жасаған болатын.
– Біз өз деңгейімізде, іс-шаралар мен кездесулер барысында азаматтарды референдумда АЭС салу идеясын қолдауға шақырамыз. Қазақстанның экономикасы дамып, алдыңғы қатарлы мемлекетке айналуы үшін бұл өте қажет, - деп нақтылады Магеррам Мгеррамов.
Фракция басшысы бүгінде ЭЫДҰ қатарындағы мемлекеттердің басым бөлігі атом энергиясын барлық салада пайдаланып, оның қуатын арттырып жатқанын атап өтті.
– Біз ол елдердің бұл саладан еш хабары жоқ деп айта алмаймыз. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер атом станцияларын белсенді түрде пайдаланып отыр. Сондықтан біз де қолдануға тиіспіз, - дейді М.Магеррамов.