
Мәжілісте 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды. Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға арналған нақты қаражат жеткілікті деңгейде қарастырылғанына күмән келтірді.
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, 2026 жылғы бюджет түсімдері 23,1 трлн теңге көлемінде болады деп болжанып отыр. Оның 19,2 трлн теңгесі республикалық бюджетке салықтар мен басқа да кіріс көздері арқылы түсетін қаржы. Ал шығыс көлемі 27,7 трлн теңгеге дейін өседі деп жоспарланған.
Талқылау барысында депутат Кенжеғұл Сейтжан бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ол ең алдымен әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын қаражаттың жыл сайын артып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, 2026 жылы бұл бағытқа 6,8 трлн теңге, 2027 жылы – 7,5 трлн, ал 2028 жылы – 8 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ.
– Әлеуметтік төлемдердің көлемі неге үнемі артып келеді? Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін көмекті цифрлық теңге арқылы монетизациялау қашан іске асады? Инклюзивті білім беру мәселесі неге бұл жолғы бюджетте ескерілмеген? Ал жоғары жетістіктер спортына 65 миллиард теңге, туризмге 6 миллиард теңге қаражат бөлініп отырғанда, параспорт жайында неге бір ауыз сөз айтылмайды? 2024 жылғы Паралимпиадада Қазақстан құрамасы Олимпиадаға қатысқан спортшылардан әлдеқайда көп жүлде алып келді ғой! - деді ол.
– Құжаттарда бір де бір нақты сома көрсетілмеген! - деп ашуланды депутат. – Қанша айтуға болады бұл жайында?! Қолдау қайда?!
Вице-министр Абзал Бейсенбекұлы әлеуметтік төлемдер көлемінің ұлғаюын инфляцияға байланысты индекстеу және арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар санының көбеюімен түсіндірді. Ал әлеуметтік қызметтер порталы арқылы төлемдерді цифрландыру жұмыстары әлі де жүзеге асырылу сатысында екенін айтты. Инклюзивті білім беруге қатысты шығындар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатынын жеткізді.
— Мүгедектігі бар азаматтарға арналған дайындау орталығы бар, - деді ол параспортқа бөлінетін қаржы туралы сауалға жауап бере отырып. – 2025 жылға 4,9 млрд теңге, 2026 жылға – шамамен 5,7 млрд, 2027 жылға – 6,2 млрд, ал 2028 жылға – 7 млрд теңге қарастырылған.
Дегенмен депутат бұған келіспейтінін білдірді:
– Қарастырылды делінгенімен, шын мәнінде ол қаражат бізге жетпейді. Мен бұл саланы жақсы білем, өзім де ұлттық құрама мүшесімін! – деді Сейтжан.
Осы сәтте жағдайды Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев түсіндіріп өтті. Ол параспортшылардан келіп түскен барлық өтінімдер толық көлемде қолдау табатынын айтты.
– Жоғары жетістіктер спортына бөлінген 65 млрд теңгенің ішінде паралимпиадалық спортты қолдау шаралары да қамтылған. Бұл соманың нақты бөлінісін, егжей-тегжейін жұмыс топтарында көрсетуге дайынмын, - деді ол.
@halyk_partiyasy