ҚХП Қарағанды облысында бастауыш партия ұйымдарының форумын өткізді. «Диалогтан – әрекетке» тақырыбында өткен жиын Қарағанды қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылды. Оған партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, Мәжіліс депутаттары, орталық аппарат өкілдері, филиал жетекшілері мен белсенділер қатысты.

Форумның ашылуында ҚХП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Калел Мақсұтов партия жұмысының сайлау науқандарымен ғана шектелмейтінін атап өтті.
– Біздің мақсат – өзекті мәселелерді көтеруден қаймықпайтын партия болу. Жұмысшыларды, зейнеткерлер мен жастарды қолдау. Ауыл-аймақтарға барып, көбі құлақ аса бермейтін халықтың мұң-мұқтажына назар аудару, - деді ол.

Филиал жетекшісі бүгінгі басқосу жаңа шешімдер қабылдап, алға қадам басуға жол ашатынына сенім білдірді.
– ҚХП – шындықтан тайсалмайтын, уәдесінде тұратын партия. Біз халықпен бірге, халық үшін алға ұмтыла береміз. Бастамашылдық пен адалдықты ту еткен пікірлес азаматтар – партиямыздың қуаты, - деп атап өтті ол Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев құттықтау сөзінде партиялықтардың нақты ісі мен жетістіктеріне ерекше тоқталып өтті. Мәселен, ҚХП өкілдері Қарағандыдағы саябақ аумағын заңсыз құрылысқа бермеуге күш салып, Бас прокуратурадан жағдайға құқықтық баға беруін талап еткен болады. Сондай-ақ Төраға партияның заманауи ақпараттық әдістерді жылдам меңгеріп, әлеуметтік желілер мен медиа кеңістікте белсенді жұмыс істеуі нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы медиа-партияға айналғанын атап өтті.
– ҚХП бүгінде медиа кеңістікте өзіндік орны бар партияға айналып келеді. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, авторлық жобалар жасап, YouTube арналарын дамытып, партиялық сайтты қалыптастырып жатыр. Қаралымдар көбейіп, жазылушылар қатары артып келеді. Әсіресе жастардың қызығушылығының артуы – халық сенімінің нығайып келе жатқанын айқындайды, - деп нақтылады Ертісбаев.

Форум барысында ҚХП Орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің орынбасары Анар Дүкенбаева бастауыш партия ұйымын құру, тіркеуден өткізу, команда жасақтау, бағдарлама әзірлеу және халықпен тиімді жұмыс істеу жолдарын түсіндірді.

– Бастауыш ұйым құру – жай қағаз жүзіндегі іс емес, ол – тірі процесс, үлкен жауапкершілік. Бұл – партиялық өмір мектебі, болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін алаң, халыққа жақындайтын орын, - деді ол. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жастарды саясатқа тарту тәжірибесімен бөлісіп, жаңа буын көшбасшылығын дамыту жайлы ой қозғады. Сондай-ақ Айсұлу Сүлейменовамен бірге партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселесін талқылады.

Сонымен қатар қатысушылар бастауыш ұйымдардың қоғамдық қабылдау, заңгерлік кеңес беру, қоғамдық пікірді зерделеу, партиялық бақылау жұмыстарын талқылады. Жиын соңында үздік БПҰ жетекшілеріне алғыс хат беріліп, жаңа мүшелерге партия билеттері салтанатты түрде табысталды.
@halyk_partiyasy