Диплом қанша тұрады?

dep.jpg

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызмет елімізде диплом бланкілері айналымы бойынша мониторинг жүргізілмейтінін мәлімдеді. Оған Қазақстандағы жоғары білім туралы жалған құжаттардың саны дәлел болып отыр.

2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарына жоғары білім туралы дипломдарды өз бетінше дайындау және беру құқығы берілген еді. Дипломның түпнұсқалығы Ұлттық білім беру дерекқорында (ҰББД) жазбаның болуымен расталады. Ал оған мәліметтерді енгізу және түзетуге ел бойынша 2,6 мың қызметкерге құқық берілген.

– Тек іріктеп зерделеу кезінде ҒЖБМ 19 ЖОО-да өткізілген профилактикалық бақылау шеңберінде ҰББД-да саналатын, бірақ ЖОО-лар құжаттары мен дерекқорларында жоқ 2 733 адамды белгілегені анықталды. Бұл сәйкессіздіктер жалған дипломдарды заңдастырумен байланысты болуы мүмкін тәуекелдерде де орын табады, – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада.

Антикордың мәліметінше, оқу орындары растамаған 1143 диплом анықталған. Сондай-ақ  10 ЖОО-да түлектер санының екі есе, ал кейбірінде 4 есе өскені белгілі болды. Бұл ретте, бланкілерді есепке алу және сақтау тәртібі регламенттелмеген, берілген дипломдарды тіркеу еркін формадағы қағаз журналда жүзеге асырылды. Ал бланкілердің берілуін бақылау және олардың сақталуына жеке жауапкершілік ешкімге жүктелмеген.

Бұған дейін Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары жалған дипломға қатысты мәселені көтерген болатын. Сол кезде депутат Ислам Сұңқар интернетте жоғары білім туралы дипломды сатып алуды ашық түрде ұсынатын сайттар бар екенін айтқан еді.

– Сатушылар Астанадағы кез келген оқу орнының мемлекеттік үлгідегі фирмалық бланкіде толтырылған, каллиграфиялық қолжазбамен және оқу жоспарына қатаң сәйкестікте толтырылған дипломдарын ұсынады. Тіпті, сатып алушыға құжаттағы мөр мен қолдың шынайы болатынына кепілдік те береді, – дейді депутат.

Осы ретте Қазақстан халық партиясы елімізде жалған дипломдардың таралуын болдырмау және құжаттарды қолдан жасаудың алдын алу бойынша белсенді түрде кешенді шаралар қабылдау керегін айтты. Сондай-ақ- мұндай алаяқтыққа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде азаматтарды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу де өте маңызды екеніне тоқталды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy