11–12 маусым күндері Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының парламенттік дипломатия рөліне арналған XIV пленарлық отырысы өтті. Сонымен қатар, парламенттік делегация басшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығына барды.
Мемлекет басшысы ТүркПА елдерінің парламент спикерлерімен кездесуде ұйым жұмысының маңызына тоқталды.
– Парламенттік Ассамблеяның бірлескен күш-жігерінің арқасында түркі бірлігі жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұл – оң үрдіс және бүкіл түркі дүниесінің халықаралық беделін мен ықпалын арттырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Ассамблея бастамаларын жан-жақты қолдайды және түркі интеграциясына өз үлесін қосуды көздеп отыр. Бұл ретте парламенттік дипломатияға айрықша мән беріледі.
– Түркі мемлекеттері саммиттерінің нәтижесін жоғары бағалаймыз және қол жеткізілген уағдаластықтардың сапалы іске асырылуына баса назар аударамыз. Ынтымақтастық арқылы бұл күрделі кезеңнен де аман өтіп, экономикаларымыздың дамуына серпін береміз, – деді Президент.
Сонымен қатар, ТүркПА делегациясының басшылары Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығына барды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен орталық басшылығы меймандарға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенінің жұмысын таныстырып, саланың даму перспективаларын баяндады.
Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов қонақтарға «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресеймен бірлесіп салынып жатқан «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені туралы айтып берді.
ТүркПА-ның XIV пленарлық отырысына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Қазіргі жаһандық өзгерістер мен қайшылықтар дәуірінде достық пен жылы қарым-қатынасты сақтау – аса қымбат құндылық. Біз үшін нағыз берекенің бастауы достық болмақ. Бұл – елдеріміз бен халықтарымыз игілігі үшін барлық салада өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашады, – деді депутат.