
Қазақстанда соңғы күндері Ақтөбе облысының Ойыл ауданында болған адам шошырлық оқиға қызу талқылануда. 14 жастағы мектеп оқушысын сабақ үстінен перзентханаға алып кеткен. Қыздың жүкті екенін не мұғалімдер, не туыстары білмеген.
Жоғары сынып оқушысы аман-есен ұл баланы дүниеге әкелді. Полиция күдікті ретінде мектеп оқушысының әжесінің азаматтық некедегі күйеуін ұстады. Қазір ол педофилизм дерегі бойынша қылмыстық іс аясында тергеу изоляторында отыр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға байланысты дәрігерлердің немқұрайлылығын тексеру үшін арнайы комиссия құрды.
ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, кәмелетке толмағандардың жүктілігі – Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі. Елде жыл сайын шамамен 2000 осындай жағдай тіркеледі. Депутаттың пікірінше, мұндай жайттардың алдын алуға тәрбие жұмысын күшейту ықпал етуі мүмкін. Бұл бағыттағы нормалар қазір Парламент қарауындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасына енгізілген.
– Бұл заңда Оқу-ағарту министрлігіне қатысты нормалар бар, онда тәрбиелік және идеологиялық жұмыс көзделген. Бірақ ең алдымен кінәліні анықтау қажет. Кәмелетке толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсу – қылмыстық іс, – деді депутат.
ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнова бұл жағдайға байланысты педагогтар мен медицина қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, болған оқиғаға тек қана қылмыскер емес, қыздың айналасындағы ересектер де жауапты.
– Қалайша жүктілікті байқамауға болады – түсінбеймін!Қызды профилактикалық тексеру кезінде дәрігерлер қараған. Ол кезде жүктілігіне тоғыз ай болған! Кез келген маман мұны бірден байқауы керек еді! – деп ашынды Смирнова.
Депутат мектеп ұжымының да бейқамдығына таңданысын білдірді.
– Мектепте психолог бар, әлеуметтік педагог бар – олардың бәрі қайда болған? Бала зорлық-зомбылыққа ұшырап, мектеп тарапынан ешқандай қолдау көрмеген. Ал мектеп өз оқушыларының жағдайын бақылауға міндетті! – деді ол.
@halyk_partiyasy