
Сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасының бірінші оқылымы өтеді. Құжатты әзірлеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі – Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясының басшысы, Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов.
Депутаттың сөзінше, заң жобасының мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу саласында біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» ұстанымын қамтамасыз ету. Жаңа заң жобасы қолданыстағы бес бірдей заңнамалық актіні біріктіруді көздейді. Сонымен қатар, құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілеттіктері кеңейтіледі.
– Негізінде бұл – табиғаты ұқсас қатынастарды реттейтін барлық заңды бір жүйеге келтірудің нәтижесі. Мұндай тәсілді қолдаймын. Біз көп әрі күрделі, жүйесіз заңдардан арылып, оңай әрі түсінікті заңнамаға көшкеніміз жөн. Бұл құқық қорғаушылардың жұмысын жеңілдетеді және зардап шеккендердің құқықтарын қорғауды тиімдірек етеді, – деді ол.
ҚХП депутаты жаңа заң жобасының нормалары азаматтардың құқықбұзушылықтың алдын алуда белсенді әрі өздігінен қатысуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Маңыздысы, әзірленген заң әлеуметтік-профилактикалық бағытты күшейтіп, виктимологиялық тәсілді енгізеді, цифрлық платформаларды бекітеді және құқықбұзушылықтың алдын алуды үйлестіру үшін бірыңғай орталық құрады. Бұл өте өзекті, өйткені заң жобасында алдын алу ісін жүзеге асыратын субъектілер саны артады. Сондықтан барлық күш-жігерді бір жүйеге келтіру қажет, – деді Магеррамов.
Жұмыс барысында, сондай-ақ, профилактикалық шараларға ерекше мән берілді.
– Себебі ол құқықбұзушылық пен ауыр қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді, – деп түйіндеді депутат Магеррам Магеррамов.
@halyk_partiyasy