Қазақстанда мүгедек баласы бар ата-аналар білім беру грантын өтеуден босатылады. Мұндай өзгерістер мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілді. Бұл бастаманы Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бірнеше жыл бойы көтеріп келген болатын.
Жаңа нормаларға сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған (немесе І топтағы мүгедекті күтіп отырған) ЖОО түлектері білім беру грантын өтеу міндетінен босатылады. ҚХП депутаттары бұл ұсынысты бірнеше рет көтерген болатын.
– Мәселенің мәні – мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар көп жағдайда грантты өтеуге мүмкіндігі болмауында. Өйткені мұндай балалар тұрақты күтімді қажет етеді. Сондай-ақ, олардың ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ата-аналар да аз емес, – деп атап өтті ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов.
Грантты өтемегені үшін олардың мойнына миллиондаған қарыз ілінді.
Мәжіліс депутаттары грантты өтеу талаптарын алып тастау мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сәйкес келетінін бірнеше рет атап өтті.
Алайда, Үкімет бұл ұсынысты қолдаған жоқ. Енді бұл нормалар Мәжілісте заңнамалық тұрғыда бекітілді.