фото 2gis.kz
Қазақстандағы білім сапасын арттыруға бағытталған «Жайлы мектеп» жобасы қаржылық қолдаудың жетіспеушілігінен тоқырауға ұшырауы мүмкін. Себебі жаңа мектептерді күтіп-ұстауға арналған қаржы республикалық бюджетте қарастырылмаған.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Жанар Рахметова мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа үлгідегі жайлы мектептердің күтімі мен шығыны қарапайым мектептерге қарағанда 1,5–2 есе қымбатқа түседі. Бірқатар өңірлерде мұндай мектептер апатты жағдайда тұрған ғимараттардың орнына салынған. Бұрын сол ескі мектептерді ұстауға жұмсалған жергілікті қаржы енді жаңа мектептерге бағытталуы тиіс. Алайда бұл қаражат жеткіліксіз.
– Қазір «оқушыға бөлінетін қаржы» қағидаты жұмыс істейді, яғни ақша баламен бірге жүреді. Бұрын қарапайым мектептерде оқыған балалар енді жайлы мектепке ауысып жатыр, демек олар сол бұрынғы мөлшердегі қаржымен келеді. Бірақ жаңа мектеп – жаңа ғимарат, мұндағы шығын 1,5–2,5 есе көп. Мұндай шығындар бюджетте қарастырылмаған, – деді Рахметова.
Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, мұндай жағдайдың туындауына Оқу-ағарту министрлігі кінәлі. Оның айтуынша, жоба басталған кезде Үкімет мектептердің құрылысын ғана емес, олардың жұмыс істеуі мен күтіп-ұстауына да толық қаржы бөлуді қарастырған. Алайда министрлік кейін бұл қаражаттың қозғалысын қадағалаусыз қалдырған.
Нәтижесінде мәселе екі жыл бойы шешімін таппай келеді. Қазір жайлы мектептердің коммуналдық қызмет ақысы, инфрақұрылымын күтіп-ұстау мен мұғалімдердің еңбекақысы жергілікті бюджет есебінен төленуі керек. Бірақ өңірлерде оған қаржы жетпей отыр.
– Құрылысшылар үшін мұндай ірі жобалар үлкен табыс көзіне айналды. Қаржыландыру көлемі үлкен болған жағдайда мектеп салу да, оны жабдықтау да тиімді болды. Бұл жұмыстарды санаулы ғана компаниялар атқарып жатыр. Жоғары сапалы жабдық ұсынған өзге кәсіпкерлер қанша тырысса да, тендерге жолай алмады, – деді Ирина Смирнова.
Осылайша, бірнеше жыл бұрын жобаны жоспарлау кезінде кеткен қателіктердің салдарын енді Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі шешуге тура келеді. Ал бастапқыда білім беру жүйесін жаңғыртуды мақсат еткен «жайлы мектептер» бастамасы тиісті қаржылық қолдау болмаған жағдайда қағаз жүзіндегі жоба күйінде қалуы мүмкін.
@halyk_partiyasy