
Қазақстан Халық партиясы баршаңызды ұлтымыздың ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтайды!
Осыдан 35 жыл бұрын дәл осы күні еліміздің тарихындағы маңызды құжат – Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамдардың бірі еді. Республика күні – сол тарихи оқиғаның айғағы әрі қазақстандықтардың өз болашағына деген нық сенімінің символы.
Содан бері еліміз талай сындарлы кезеңнен өтті. Бүгінде Қазақстан – халықаралық аренада беделі жоғары, заманауи, экономикалық тұрғыдан қуатты, өркениетті мемлекет. Орталық Азия өңіріндегі жетекші елдердің біріне айналды.
Қазір мемлекет дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан эволюциялық реформалар аясында біз Заң мен Тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды бірге құрудамыз. Бұл биік мақсатқа бүкіл қоғамның белсенді қатысуы арқылы ғана қол жеткізуге болады. Өйткені мемлекеттің негізгі қуаты – халқы!
Қазақстанның мемлекеттілігі – көпұлтты халқымыздың бірлігі мен табандылығының, еңбексүйгіштігі мен жасампаз рухының жемісі.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, бейбіт өмір тілейміз. Әр шаңырақта ынтымақ пен татулық орнасын. Ортақ Отанымыз – Қазақстан мәңгі жасай берсін!
Қазақстан Халық партиясы
@halyk_partiyasy