Жолды салған компаниялар оның спасына да жауапты болуы тиіс – Магеррамов

dep.jpg

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Көлік министрі Марат Қарабаевтың отставкасына қатысты Orda.kz порталында пікір білдірді. Айта кетейік, Көлік министрі қызметінен 8 маусым күні босатылған болатын.

Сарапшылар оның қызметтен кетуін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінде айтқан сынымен байланыстырады. Президент сол жиында көлік саласындағы түйткілдерге тоқталып, шекарадағы кептелістер, ірі инфрақұрылымдық жобалардың кешігуі мен логистиканы жаңғыртудың баяу жүруіне назар аударған еді.

«Министрдің отставкасынан бері екі аптаға жуық уақыт өтсе де, ведомствоға жаңа басшы әлі тағайындалған жоқ», – деп жазады Orda.kz тілшілері.

Магеррамовтың айтуынша, министрлік бірнеше апта басшысыз отырғанымен, ешқандай күрделі мәселе туындап жатқан жоқ.

– Жаңа министрді тағайындау объектив себептерге байланысты уақыт алуы мүмкін. Таңғалатын ештеңесі жоқ, – деді ол.

Бос лауазымға кімнің келуі мүмкін екенін депутат нақтыламады. Оның сөзінше, кез келген кандидатура Мәжілістің салалық комитетінің қарауына ұсынылып, үміткердің тәжірибесі мен біліктілігіне баға беріледі. Ал жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша Магеррамов ҚХП фракциясы бірнеше ұсыныс білдіргенін айтты.

– Біз жол құрылысын мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы әріптестік тетігі арқылы дамытуды ұсынғанбыз. Бизнестің қолын байламау керек. Мемлекет қажетті жағдай жасап, жол ашса, инвесторлар қаржысын алып келеді де, жол салып береді, – деді депутат.

Сонымен қатар, ол жол салған компаниялар сол жолдарды кемінде 10-15, тіпті 20 жыл бойы күтіп-ұстауға міндетті болуы керек деген ұстанымда.

– Бұл әділетті болар еді. Сонда ғана құрылысшылар сапаға баса мән береді, өйткені ол жол өздеріне тиесілі болмақ, – деді Магеррам Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy