
Республика күні қарсаңында Әділет министрлігі Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі және Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжанды ведомстволық медальмен марапаттады.
Ведомство мәліметінше, депутат бұл наградаға Марракеш келісімін ратификациялау бойынша белсенді парламенттік жұмысы және Қазақстанның Женевадағы баяндамасын әзірлеуге қосқан үлесі үшін лайық деп танылған.
Марракеш келісімі (немесе Марракеш шарты) 2024 жылдың соңында Мәжілісте ратификацияланған болатын. Оның мақсаты – көру қабілеті нашар азаматтардың әдеби және көркем туындыларға қол жеткізуін жеңілдету. Құжаттың басты міндеті – кедергілерді жойып, азаматтардың физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, білім мен баспа еңбектеріне қолжетімдігін қамтамасыз ету. Қазақстанда бұл келісім зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапханалар жүйесін сақтауға және оларға назар аударуға ықпал етеді. Сонымен қатар, осы санаттағы оқырмандар түрлі тілдердегі материалдарға еркін қол жеткізе алады.
– Бүгінде бізден бөлек 97 мемлекет Марракеш келісіміне қосылып, оны ратификациялаған.Демек, біз осы елдермен 97 тілде ақпарат алмаса аламыз. Кітапханалар арқылы электронды форматтағы материалдармен, электронды және аудиокітаптармен алмасуға мүмкіндік бар. Бұл – өте жақсы бастама! – деген болатын Кенжеғұл Сейтжан БАҚ-қа берген сұхбатында.
@halyk_partiyasy